«Карантин» режимі. НУ түлектеріне карантин қалай әсер етті

19 наурыздан бастап елордада «Карантин» режимі енгізілді – қала шекарасы кіру және шығу үшін жабылды, қала бойынша жүріп-тұру шектелді және адамдарға айналасындағылардан әлеуметтік қашықтық ұсынылды. 30 наурыздан бастап барлық кәсіпорындар өз қызметін дәстүрлі форматта тоқтатып, қашықтықтан жұмыс істеуге көшті, ал 6 сәуірден бастап барлық білім беру мекемелерінде қашықтықтан оқыту режимі енгізілді.
Айта кету керек, қазіргі жағдай барлық салалардағы әлсіз жақтарды ашып көрсетті, бірақ оларды алдағы сын-тегеурінге анағұрлым төзімді болу үшін пысықтау, күшейту мүмкіндігі ретінде де қарастыруға болады.

Біз «Карантин режимі» атты мақалалар сериясын іске қосамыз. Серияның бірінші мақаласында біздің түлектеріміз карантиннің оларға қалай әсер еткені, олардың өмірі мен жұмысында не өзгергені және оны қалай еңсеріп жатқаны туралы айтып беретін болады.

Аян Бірімжан,
2016 жылдың түлегі,
Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі (2019 жылдан бастап Жаратылыстану, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі),
«HEALTH PROJECT» компаниясының негізін қалаушы

– Карантин шыныменен бізге әсер етті. Біздің барлық мекемелеріміз жабылды және қазір бізде тек қана дұрыс тамақтануды жеткізу қызметі ғана жұмыс істейді. Өкінішке орай, қызметкерлердің жартысын бір айға демалысқа жіберуге, ал басқаларына жалақыны 25%-50% төмендетуге тура келді. Ең маңыздысы, осы кезеңде біз ешкімді жұмыстан босатқан жоқпыз. Енді бізде кіріс жоқ, ал кейбір жобалар бойынша еңбекақы төлеу мен жалға беру қоры тарапынан шығынға ұшыраймыз. Бірақ біз әр жобаның резервтік қорының арқасында карантинді еңсере аламыз.
Бұл біздің бірінші дағдарысымыз, сондықтан біз үшін барлығы алғаш рет болып отыр. Мен Н.Талебтің «Антихрупкость» деген кітабын жай ғана оқып қоймай,мұқият оқып шығуды ұсынамын. Ол күйзеліске бейімделіп, осындай жағдайлардан пайда табуға көмектеседі.
Дағдарыстың арқасында біз көптеген нәрселерді түсіндік, олардың кейбірі мыналар:
– Дағдарыс – бұл төзімділікті тексеру. Дағдарыстың арқасында біз бейімделу процесіне көшеміз. Икемді емес, қатты бұтақтар сынады.
– Ең алдымен бизнесті емес, керісінше клиенттерді жоғалтып алмау амалын ойластыру керек, өйткені сіздің кірісіңізді клиенттер жасайды.
– Кейбір жобаларда артық қызметкерлердің бар екені анықталды. Даму кезеңінде әдетте мұны байқамайсың. Болашақта бұл еңбекақы қорын дұрыс бөлуге көмектеседі деп ойлаймын.
– Карантин бізге стандарттау жөніндегі барлық міндеттерімізді аяқтауға көмектесті. Біз бір қадам болса да артқа адымдаған жоқпыз, керісінше біз енді екпінмен алға ұмтыламыз!

Диана Тойымбекова,
2016 жылғы түлегі
Жоғары білім беру мектебі,
Қазақстан отбасылық дәрігерлер қауымдастығының (ҚОДҚ) фасилитаторы

– Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин басталған кезде мені Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығының коммуникация командасына шақырды.
Біз халықпен онлайн және тікелей эфир режимінде жұмыс жүргізудеміз, онда халықтың сұрақтарына жауап береміз, мәліметтерді жинаймыз және олардың негізінде коронавирус тақырыбы бойынша ИНФОГРАФИКА, карточкалар жасаймыз. Сонымен қатар, балалармен жұмыс жөніндегі қауымдастықтың Instagram-жобасын жүргізуді жалғастырамыз, онда гигиена, қол жуу, дұрыс тамақтану туралы әңгімелейміз, челлендж, сыйлықтар конкурстарын өткіземіз, онда балалар коронавирус бойынша сұрақтарға дұрыс жауап беруі тиіс. Жалпы, ДДҰ және басқа да ұйымдар адамдарды осындай қызметті жүргізуге шақырды. Қазақстанда осы қызметпен ҚОДҚ айналысады.
Қауымдастық COVID-19 туралы жалған ақпаратты сейілту бағытында жұмыс істейді және коронавирус Қазақстанға келгенге дейін вирустың маңыздылығы туралы ескертулер жасады, алғашқы кезеңдерде адамдардың сұрақтарына жауап берді, бұл «қастандық теориясы» емес, нақты қауіп екеніне көз жеткізе отырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жаңа вирус туралы шынайы ақпаратты білгісі келетін адамдарға көмек ретінде мен қауымдастық дәрігерлерінің біреуімен FindYourB сұхбат өткіздім. Біздің командамызда НУ-дан тағы бір қыз бар, ал НУ-дың басқа үш студенті қауымдастықтың фасилитаторлары болып табылады, бірақ қазіргі уақытта олар COVID-19 мәселелерімен айналыспайды.
Адамдар сенімді ақпарат көзінен мәлімет алса және жоғары білікті дәрігерлерді тыңдайтын болса, бәрі жақсы болады деп ойлаймын.

Нұрсұлтан Раисов,
2015 жылдың түлегі,
Инженерия мектебі (2019 жылдан бастап Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі),
Пайдалану жөніндегі инженер, Patentes Talgo

– Адамдардың карантин кезеңі олардың жұмыспен қамтылуына, жұмыс орны мен түріне байланысты әртүрлі өтуі мүмкін. Өз жағдайымыз туралы айтсақ, біз жұбайымызбен демалыстамыз және біз осы кезеңнің біздің өмірімізге тигізген бірегейлігін байқадық. Бірегейлік мынада – бұл уақыт сапарда өткізетін әдеттегі демалыстарға ұқсамайды, сондықтан осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Бұл күн сайын кейінге қалдырылған істерді аяқтауға, өз ойыңды жинақтауға, өзіннің қазіргі жағдайыңды ойластыруға, жаңа мақсаттар қоюға, басымдықтарды белгілеуге және, әрине, дамуға болатын тамаша мүмкіндік деп ойлаймын. Осылайша, карантин аяқталған кезде нәтижесіз жұмсалған уақыт туралы өкінбеу үшін, біз кәсіби дамуды, белгілі бір дағдыларға үйренуді, жақындармен және достармен қарым-қатынас жасауды, рухани жетілдіруді, спортпен шұғылдануды және кешкі ойын-сауықты қамтитын күн тәртібін құрдық. Айта кету керек, тәртіпті еркін таңдау дұрыс ұйықтау мен тамақтануды ескеруі керек.
Соңында, осы бір қиын-қыстау кезеңде отандастарыма белсенді және жігерлі болыңыздар деп айтамын. Жақсы иммунитет пен денсаулық тілеймін!

Айсара Үсенова,
2016 жылғы түлегі,
Жоғары білім беру мектебі,
Мұғалім, зерттеуші-ғалым, штаттан тыс редактор (фрилансер)

– Карантинге ауысқаннан кейін менің күн тәртібім аздап өзгерді. Жұмыс уақыты мен жеке уақытымның арасындағы шекаралар жоғалып кетті. Сондықтан түскі асқа дейін ең маңызды тапсырмаларды орындауға тырысамын. Қазіргі кездегі тұрақсыздықты және көптеген адамдардың белгісіздіктен қорқуын ескере отырып, мен «дұрыс шешім қабылдауға» тырысамын. Мысалы, жаңа нәрселерді үйрену, ерте ұйықтау, жаңалықтарды оқудан көңілімді басқаға алаңдату және тамақ дайындау. Осылайша, мен EdGravity-тен креативтілік бойынша шағын курсқа жазылдым, күніне екі рет йогамен айналысуға және подкасты тыңдауға тырысамын.
Не өзгерді?
Кеңседегі жұмыс қашықтықтан жұмыс істеу нысанына ауысты, ел бойынша барлық іссапарлар тоқтатылды.
Көшпелі семинарлардың орнына біз вебинарларға көштік.
Қашықтықтан оқытуға көшуге байланысты электрондық оқыту ресурстарын пайдалану туралы мұғалімдердің сұрақтарына жауап беремін.

Актөре Барлыбаев,
2016 жылдың түлегі
Ғылым және технологиялар мектебі (2019 жылдан бастап Жаратылыстану, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі),
QNE, жоба менеджері, «Skill Pro» ЖШС тең құрылтайшысы

Өмірімде ешқашан пандемияны кездестірем деп ойламадым, бірақ тағдырдың өз жоспары бар екен. Қазір біз өмір үшін өте аз нәрселер – отбасы, үй, азық-түлік және киім-кешек қана керек екенін түсінген сияқтымыз, бұл қайта жүктеу немесе «базалық параметрлерге» қайта оралу дегенді білдіреді. Жалпы міндетті шешуге көмек көрсететіндердің барлығына мен де өз алғысымды білдіремін. Қалай күлкілі болса да, мен де өз үлесімді қосаудамын – үйде отырмын, өз дағдыларымды дамытудамын. Өйткені, біздің әрқайсымыз мемлекеттің үлкен механизмінде кішкентай бөлшекпіз. Егер біздің әрқайсымыз өз ісінде табысқа жететін болса, біз еліміздің өркендеуіне көмектесетін боламыз.
Университетке оқуға түскен кезден бастап туған қалама мен көп дегенде бір аптаға келетінмін.
Сондықтан мен карантинді қазір отбасыммен бірге үйде өткізуді шештім. Бірақ мұндай жағдайларда уақытты дұрыс жұмсау өте маңызды.
Мен сабақтарды пән ретінде, бірақ икемді кестемен орналастырдым. Сонымен, менің кестем продакт менеджмент, бағдарламалау курстарынан, испан тілін үйренуден, кітап оқудан, дене жаттығуларынан, аумақ бойынша жұмыстардан, жинау және жобалар бойынша жұмыстардан тұрады. Жалпы, қазір көптеген сервистер сабаққа және өзге материалдарға тегін қолжетімділікті ашады, тек қана дұрыс пайдалана білу керек. Кестеде телефон арқылы сөйлесу, дүкенге бару, қала бойынша қозғалуға рұқсаты бар достарыммен кездесу сияқты жоспардан тыс «элективтер» де бар.
Әрине, негізгі күш жобаларға түседі; бізде қашықтықтан жұмыс істеу үшін барлық жағдайлар жасалған. 2019 жылдың соңында әріптестермен білім беру саласындағы бизнестің құралы ретінде онлайн мектепті құра бастадық.
Сол кезде біз жақын арада бүкіл әлемде болатын оқиғалар туралы бейхабар едік. Идеямыз өте қарапайым: оқыту элементі бар бизнес үшін біз үлкен функционалы мен заманауи достық интерфейсі бар Moodle сияқты онлайн мектеп – жүйені құрамыз. Бұдан әрі біздің клиенттеріміз өздерінің шәкірттері мен қызметкерлерін оқыта бастайды, сондай-ақ өз курстарын басқаларға сатады. Осылайша, олардың бизнесі тоқтап қалмайды, оффлайннан да көп табыс таба бастайды.
Ойын ережелері өзгерген уақытта бейімделуге және/немесе тәсілді өзгертуге үлгеру керек.
Мысалы, Walmart коммерциясы азық-түлікті жеткізу үшін «динозавр» қосымшасын іске қосты және елеулі табысқа жетіп отыр. Басқаша айтқанда, егер жолда кедергілер пайда болса, мысалы, бүгінгі жағдайдағы – карантин, онда проблеманы шешудің баламалы жолдарын табу керек; егер мүмкіндік болмаса, «өмір белестерінде» басқа салаларды дамытумен айналысуға болады, ал кейінірек оған қайтадан оралу керек.
Тарих көрсеткендей, барлығы өте шығады, ең маңыздысы осы жағдайды біз қалай еңсереміз деген мәселе бірінші кезекте.

Назарбаев Университетінің пандемия кезінде қолға алған шаралары туралы толығырақ мына жерден білуге болады.

Естеріңізге сала кетейік, НУ сайтында COVID-19 арнайы беті ашылды, онда студенттер, оқытушылар мен қызметкерлер “жиі қойылатын сұрақтар” секциясында өздерін қызықтыратын сұрақтарға жауап таба алады.